Пара алғаны үшін сотталған экс-әкім «Құрметті азамат» атағын алды
Пара алғаны үшін сотталған бұрынғы әкім Нұрлан Сыдықов Абай облысы Бесқарағай ауданының «Құрметті азаматы» атанды, деп хабарлайды Politico.kz
Аталған шешім 2025 жылғы 18 желтоқсанда өткен аудандық мәслихат сессиясында қабылданған. Депутаттар дауыс беру арқылы үздіктер тізімін бекітіп, сол қатарға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылған экс-әкімнің де есімі енген.
Нұрлан Сыдықов 2013–2015 жылдары Бесқарағай ауданын басқарған. Кейін Жарма ауданының әкімі қызметіне тағайындалып, алайда 2018 жылы кәсіпкерден 1 миллион теңге пара талап еткені үшін ұсталып, сотталған.
Сот үкімінде ультракүлгін шаммен тексеру барысында Сыдықовтың қолынан арнайы люминесцент ұнтақтың ізі табылғаны, ал ақша купюраларында «ПАРА» деген жазудың анық байқалғаны көрсетілген. Нәтижесінде ол 30 миллион теңге айыппұл төлеуге және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылған.
Соған қарамастан, мәслихат сайтында жарияланған құжатта экс-әкімнің аудан дамуына қосқан үлесі ғана аталып, оның соттылығы туралы мәлімет көрсетілмеген.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Сыдықовтың соттылығы өтелген. Осы себепті оның кандидатурасын қарауға және «Құрметті азамат» атағын беруге заңдық кедергі болмаған. Мәслихат депутаттары бұл шешімді бірауыздан қолдаған.
Соңғы жаңалықтар