"Пара беруге уәде еткендер де жазаланады": Қазақстанда жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілмек
Қазақстанда енді пара нақты берілмесе де, оны ұсынғаны, уәде еткені немесе талап еткені үшін жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Мұндай бастаманы Айдос Сарым көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы талқыланды. Депутаттың айтуынша, жаңа өзгерістер жемқорлық фактісінің өзін ғана емес, оған дейінгі әрекеттерді де қылмыс ретінде қарастыруды көздейді.
“Заң жобасында пара беруге уәде ету, ұсыну немесе талап ету сияқты әрекеттерді қылмыс ретінде қарастыру ұсынылып отыр”, – деді Айдос Сарым.
Оның сөзінше, басты мақсат – тек жазалау емес, жемқорлықтың алдын алу. Осыған байланысты мүдделер қақтығысын реттеу тетіктері күшейтіліп, комплаенс қызметтері мен әдеп жөніндегі бөлімдердің рөлі артады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік өкілетін жеке бас пайдасына пайдалануға тікелей тыйым салынбақ. “Жеке мүдде” ұғымы кеңейтіліп, оны декларациялау міндеті енгізіледі.
“Қызметтік өкілетті жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізіледі. Сонымен бірге қызмет атқаруға тыйым салынатын адамдар тізімі де кеңейтіледі”, – деді депутат.
Егер мүдделер қақтығысы уақытында реттелмесе, ол үшін де жауапкершілік қарастырылады. Мұндай жағдайда қабылданған шешімдер заңсыз деп танылуы мүмкін.
Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес, шенеуніктерге сыйлық қабылдауға белгілі бір деңгейде рұқсат берілуі ықтимал. Алайда туыстарымен бірге жұмыс істеуге қатысты талаптар күшейтілмек.
Соңғы жаңалықтар