Парламент 2025 жылдың бюджетін бекітті – Бір фракция Үкімет есебіне қарсы шықты

26.06.2026 17:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Парламент 2025 жылдың бюджетін бекітті – Бір фракция Үкімет есебіне қарсы шықты
234
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі/Т. Таныбаева

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін мақұлдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жүргізген жиынға Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министр Олжас Бектенов пен министрлер кабинетінің мүшелері қатысып, Қаржы министрі Мәді Тәкиев пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың баяндамаларын тыңдады.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл өз қосымша баяндамасында Үкіметтің макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, экономика өсімін 6,5%-ға жеткізгенін атап өтті. Тарихта алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі тау-кен секторынан асып, 11,9%-ға қарсы 13%-ды құрады. Алайда депутат елде күрделі сын-қатерлердің әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді.

"Инфляция болжамды дәлізден айтарлықтай асып, 12,3%-ға жетті, бұл халықтың нақты табысына кері әсер етті. Номиналды табыс өскенімен, азаматтар шығынының басым бөлігі әлі де азық-түлік пен борыштық міндеттемелерді өтеуге жұмсалып отыр", — деді Еркін Әбіл.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, бюджеттің негізгі параметрлері орындалғанымен, салық түсімдерінің болжамға жетпеуі және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділік сияқты жүйелі проблемалар азаймай тұр.

Жыл ішінде бюджеттің 8 рет түзетілуі жоспарлаудың төмен сапасын көрсетіп, нәтижесінде 75 млрд теңгенің 99 инвестициялық жобасы қысқартылған. Осы бағытта Сенат депутаты Нұрлан Бекенов те қосымша баяндама жасады.

Мәжілістің Қаржы и бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлік санаттары бойынша түсімдерді жіті бақылауды ұсынды. Оның айтуынша, 2025 жылы шағын және микробизнес салықты тиісінше 29,8% бен 27,5%-ға көп төлесе, ірі бизнестің өсімі небәрі 9,4%-ды құраған.

Жиын барысында парламентарийлер отандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін, шикізаттық емес секторды дамыту мен кәдеге жарату алымы қаражатының мақсатты жұмсалуын талқылады. Сондай-ақ 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында қанша азаматқа мемлекеттік қолдау көрсетілетіні нақтыланды.

Бюджет есебін Парламенттегі «Ауыл», «Respublica», ҚХП, «Ақ жол» және «AMANAT» партияларының фракциялары ескертулермен қолдап дауыс берсе, ЖСДП фракциясы Үкімет есебіне қарсы шықты. Талқылау қорытындысы бойынша Парламент есептерді бекітіп, анықталған кемшілекті жою туралы арнайы ұсынымдарын Үкіметке жолдады.

Айта кетейік, осы отырыста премьер-министр Бектенов Екібастұзда $10 млрд инвестицияға алып деректер орталығы салынаты туралы айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий