Павлодарда прокуратура қызметкері қағып кеткен әйел көз жұмды: іс қайта сараланды

Павлодарда прокуратура қызметкері қағып кеткен әйел көз жұмды: іс қайта сараланды
Фото: Newtimes.kz

Павлодарда прокуратура қызметкері көлігімен қағып кеткен 60 жастағы әйел көз жұмды. Осыған байланысты қылмыстық істің бабы өзгертілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің 2026 жылы 23 тамызда қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігіне қайта сараланған. Бұл бап абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.

«Жүргізушіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаменті тілшімізге.

Еске салайық, жол апаты 13 тамызда Павлодарда Нұрмағамбетов пен Қамзин көшелерінің қиылысында болған. 

60 жастағы әйел облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Әйелдің бас сүйегі, қабырғалары мен бұғанасы сынып, басынан ауыр жарақат алған.

Немересінің айтуынша, Галина Сейтбаталова жергілікті базардағы киім дүкенінде жұмыс істеген. Сол күні жұмыстан шығып, үйіне бара жатқанда, дүкеннен алыс емес жерде көлік қаққан. Онымен бірге жолдан өтіп бара жатқан жігіт пен қыз апатқа куә болған.

Павлодар прокуратурасы көлік тізгінінде қадағалау органының қызметкері болғанын растаған. Бұған дейін оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігімен (Жол ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланған. 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу