Петропавлда Instagram-дағы пікірлері үшін оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған ер адам сотталды

04.06.2026 18:22 Қарақат АСЫЛОВА
Петропавлда Instagram-дағы пікірлері үшін оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған ер адам сотталды
209
Instagram-дағы сыннан кейін оқушыларға шабуыл жасаған тұрғынға үкім шықты

Петропавл қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге пышақпен шабуыл жасаған 36 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Теміржол саласында жұмыс істейтін Виталий Иваненко бес жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, өткен жылдың қараша айында ер адам Instagram желісінде ит үйрету барысындағы видеосын жариялаған. Алайда оның әдістері желі қолданушыларының сынына ұшырап, жазба астында жағымсыз пікірлер мен қорлайтын комментарийлер көбейген.

Алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін Иваненко бұл пікірлерді өз үйінің ауласында жиі жиналатын жасөспірімдер жазды деп ойлаған. Осыдан кейін ол қолына пышақ алып, олармен есеп айырысуға шыққан.

Оқиға кезінде жылу құбырларының үстінде отырған екі оқушы шабуылдың құрбаны болды. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер ешқандай шу шығармаған және үйлеріне қайтуға дайындалып отырған. Соған қарамастан, ер адам олардың бірін ұстап алып, құбырға қысып тұншықтыра бастаған. Екінші оқушы шабуылдаушыны әрең ажыратып алған. Кейін жасөспірімдер бірінің бетінен қан аққанын байқайды. Белгілі болғандай, күдікті оған пышақпен жарақат салған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, зардап шеккен оқушының бетінде кесілген жара, сондай-ақ қолдары мен бетінде бірнеше сырылған іздер анықталған.

Тергеу барысында шабуылға ұшыраған жасөспірімдердің Instagram-дағы пікірлерге еш қатысы жоқ екені белгілі болды. Олар айыпталушымен бұрын таныс болмаған.

Сотта Иваненко жасөспірімді әдейі жарақаттамағанын, ал беттегі кесілген жара кездейсоқ пайда болғанын айтқан. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.

Нәтижесінде оның әрекеті денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген затты қолдану арқылы жасалған бұзақылық ретінде сараланып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий