«Пактің өзіне де кешірім беріп жатыр ғой»: Әділетханның ағасы министрге үндеу жолдады (ВИДЕО)

04.06.2026 17:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Пактің өзіне де кешірім беріп жатыр ғой»: Әділетханның ағасы министрге үндеу жолдады (ВИДЕО)
189
Коллаж Politico.kz

Алматыда көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыппен қамауға алынған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның ағасы Дәулетхан Ахметов ішкі істер министрі Ержан Сәденовке видеоүндеу жолдап, інісіне кешірім беруді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Биылғы 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты желіде түрлі мәлімдеме жасаған блогердің бірінші сот отырысы 1 маусымда өткен болатын. Осы процестен кейін үнсіздігін бұзған күдіктінің ағасы арнайы бейнежазба жариялап, ведомство басшысына қолқа салды. Оның сөзіне қарағанда інісі полиция жұмысына қатысты айтқан сөздері үшін қателігін толық түсінген.

«Ішкі істер министрі Сәденов мырза, сізге өтініш, менің туған інім әл-Фарабидегі жол апатына қатысты сөз қозғап, сіздің ведомствоға сөз келтірді. Мемлекет басшысынан да сөз естіген боларсыз, оның барлығын түсінемін. Дегенмен, енді мына Пактің өзіне де кешірім беріп жатыр ғой жәбірленуші тараптар. Әділетхан айтты да қойды, екі басшыны орнынан алдыңыздар. Дегенмен, қазақта айтады: "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды"», — деді Дәулетхан Ахметов.

Сондай-ақ ол бұл өмірде ешкімнің мінсіз емес екенін алға тартып, інісінің өз кінәсін мойындағанын жеткізді.

«Осыған байланысты енді бір кешірім бермесеңіздер, мынау болмаймын деп тұр ғой. Кез келген адам қателеседі, бұл адам баласына тән құбылыс. Пайғамбардың өзі де кешірімді болған. Құдай да айтады ғой, кешірімді болайық деп. Осыған байланысты енді бір өздеріңіз бір дұрыс шешімін шығарып, сондай дұрыс нәтиже берсеңіздер, жалпы біз Қазақстанда, жаңа Қазақстанда, жаңа деңгейде, жаңа оймен, енді мына Әділетханды толығымен мойындап отыр ғой. Бұл да түсінген шығар өзінің қателігін. Кім қателеспейді бұл өмірде? Жаңа бастама, соған жаңа өмір берсеңіздер деген өз тілегім бар. Егер де дұрысынан түсінетін болсаңыздар, сіздерге өтініш, осы үндеуді сіздерге жолдаймын», — деді блогердің ағасы.

Еске салайық, көктемде кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен Mercedes-Benz автокөлігіне соғылып, салдарынан 3 адам ажал құшқан еді. Бұл оқиғадан кейін тергеуге қатысты негізсіз ақпарат таратқан Әділетхан Молдаханның үстінен қылмыстық іс қозғалып, заңгер наурыз айында қамауға алынды. Өткен сот отырысында ол өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеген болатын.

Ал адам өліміне әкеп соққан апатқа кінәлі Пак те сотта өз айыбын мойындап, жазасын өтеуге дайын екенін және жәбірленушілердің отбасына көмек көрсететінін жеткізді. Қазіргі таңда қайтыс болған екі адамның жақындары оны толықтай кешіріп, соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырмайтын шартты жаза тағайындауды сұрап отыр.

Атышулы іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымда өтеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий