Алматыда полицей әжейдің қабырғасын сындырды: Әлеуметтік желіде шулы видео тарады

Алматыда полиция қызметкері егде жастағы әйелді пәтерден күштеп шығарған сәт видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерінің пәтерден әжейді күштеп шығарып жатқан видеосы тарады. Бұл жазбаны Threads желісінде y.yelzhan есімді қолданушы жариялаған.
Видеода пәтер ішінде жүрген полиция қызметкерлерінің бірі, жазба авторының айтуынша, 77 жастағы әжейді итеріп, қолынан ұстап, «БАР, ештеңе алмайсыздар!» деп айғайлап, күшпен есіктен шығарып жібергені көрінеді. Есіктен шығарылған әйел сүйенішке соғылып, ауырсынғаннан айқайлап жібереді. Жазба авторы бұл оқиғадан кейін әжейдің қабырғасы сынғанын айтады. Оның сөзінше, сол ауданның ауруханасындағы дәрігерлер ешқандай қауіп жоқ деп, тексерместен ауырсынуды басатын дәрі егіп, науқасты қабылдамай қойған. Кейінірек қалаға барып тексерілгенде, травматология бөлімінде оның қабырғасының сынғаны анықталған.
Автордың жазуынша, бұл оқиға осы жылдың 2 қазанында Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентінде болған. Сот істеріне байланысты пәтерді прокуратура қызметкерлері жауып тастаған екен. Тұрғындар үйден шығарылған кезде ешқандай заттарын алып үлгермегендіктен, жылы киімдері мен қажетті бұйымдарын алу үшін пәтерді ашуды сұраған. Алайда, олар заттарын жинап жатқан кезде, полиция қызметкерлері тездетіп шығару үшін итере бастаған.
Алматы облысының полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Соңғы жаңалықтар





