Полиция ақша бопсалаған блогерді ұстады
Жетісу облысының Үштөбе қаласында полиция қызметкерлері жергілікті блогерді ұстады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ол қала тұрғындарына арналған үйлерді салумен айналысатын кәсіпкерден бұрын түсірілген сапасыз құрылыс туралы бейнероликті, әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін және бұдан былай бейнематериалдарды жарияламауға әрі таратпауға уәде бере отырып, 10 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінді.
"Нәтижесінде, Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни – 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады", - деп хабарлады полиция.
Аталған факт бойынша бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.