Полиция басшысы "қызметкерді зорлады" деген ақпаратқа жауап берілді
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Астанадағы ҚАЖ департаменті басшысының міндетін атқарушы Ирсали Ахмедовке қатысты әлеуметтік желілерде тараған мәліметке жауап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін кейбір ақпарат көздерінде Ахмедов "қызметкерді зорлады" деген күдікке ілінді деген ақпарат тараған. Жәбірленуші делінген әйелдің "арыз жазғаны" туралы да хабарланған.
Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, әдейі жала жабу сипатында таратылғанын мәлімдеді.
Ресми дерек бойынша, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында Ирсали Ахмедов полицияға жала жабу және жалған ақпарат тарату фактісі бойынша ресми арыз түсірген.
"Жарияланған материалда айтылған айыптауларды растайтын бірде-бір факт жоқ. Бұл – әдейі жасалған арандатушылық. ҚАЖК мұндай материалларды таратқан тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеді", – делінген ҚАЖК ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомство азаматтарды және БАҚ өкілдерін тексерілген ақпаратқа сүйенуге және манипуляцияға бой алдырмауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар