Полиция тағы бір әкімнің өліміне қатысты тергеуді бастады
Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өз үйінде өлі табылып, полиция бұл жағдайға қатысты тергеу бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, ол 2026 жылдың 4 мамырында жұмыстан кету туралы өтініш жазып, бір күннен кейін қызметінен босату бұйрығы шыққан. Ал 6 мамыр күні таңертең бұрынғы шенеуніктің денесі Кеңқияқ ауылындағы өз үйінен табылды. Бұл оқиға бойынша Ақтөбе облысы полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін қолға алған.
«Ақтөбе қаласы полиция басқармасы 1983 жылы туған ер адамның қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Қуанышбек Серікжанов мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері еңбек етіп, осы Кеңқияқ ауылдық округінің басшысы лауазымын 2023 жылдан бастап атқарған.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың соңында осы ауылдан 63 шақырым жерде орналасқан Темір қаласының әкімі де өлі табылған еді.
Соңғы жаңалықтар