Президент көмекшісі қызметінен айырылған Қанат Шарлапаев тағы бір лауазымынан кетті

Қанат Шарлапаев "Самұрық-Қазына" Директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Жақында ғана Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылған Қанат Шарлапаев енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Директорлар кеңесі құрамынан шығарылды.
Директорлар кеңесіндегі өзгеріс
«Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі компанияларды («ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана» және т.б.) басқаратын ұлттық қор. Ал Директорлар кеңесі осы қордың ең басты басқарушы органы болып табылады.
25 қыркүйекте қабылданған шешімге сәйкес, Қанат Шарлапаев осы кеңестің құрамынан шығарылды. Айта кетейік, ол бұл лауазымға осы жылдың сәуір айында ғана тағайындалған болатын.
Осы өзгерістен кейін «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесі алты адамнан тұрады. Олар:
- Олжас Бектенов – кеңес төрағасы, Премьер-министр;
- Нұрлан Жақыпов – «Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы;
- Вонг Хэн Файн – тәуелсіз директор;
- Болат Жәмішев – тәуелсіз директор;
- Лука Сутера – тәуелсіз директор;
- Мохаммед Джамиль Аль Рамахи – тәуелсіз директор.
Қанат Шарлапаев туралы не белгілі?
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Ол 2022 жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алған.
Саратовта және Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management оқу орнында білім алған. Көп жыл бойы «Сити» инвестбанкінің Ұлыбритания, Чехия, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдердегі бөлімшелерінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған.
Қазақстандағы мансабын 2022 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы ретінде бастады. Одан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі, ал 2025 жылдың ақпанынан 25 қыркүйегіне дейін Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болды.
Соңғы жаңалықтар





