Қала басшысы халық алдында сөйлеп тұрған кезде көз жұмды
АҚШ-тың Айдахо штатындағы Нампа қаласының мэрі, 47 жастағы Рик Хогабоам тұрғындар алдында сөз сөйлеп тұрған сәтте кенеттен есінен танып, қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақпаратқа сәйкес, ол жұрт алдында сөз сөйлеп тұрған кезде аяқ астынан құлап қалған. Оқиға орнында болған адамдар бірден алғашқы көмек көрсетіп, жүрегіне массаж жасап, жасанды тыныс алдыруға тырысқан. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қала билігі тұрғындарға үндеу жасап, марқұмның отбасы мен жақындарына қолдау білдіруді сұрады.
«Бұл – біз үшін орны толмас қайғы. Біз тек мэрімізден ғана емес, жақын досымыздан айырылдық. Осындай қиын сәтте оның отбасын дұғаларыңызда еске алыңыздар», – делінген мәлімдемеде.
Рик Хогабоам бұл қызметке жуырда ғана кіріскен. Ол мэр ретінде 2026 жылдың 5 қаңтарында ант қабылдаған. Бұған дейін округ хатшысы және қалалық кеңес мүшесі болып қызмет атқарған.
Полиция оның тек білікті басшы ғана емес, сондай-ақ үлгілі әке әрі қамқор жар болғанын атап өтті.
«Оның мемлекетке және қоғамға деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды», – деді құқық қорғау органдары.
Қазіргі уақытта оның өлімінің нақты себебі әлі жарияланған жоқ. Қалада уақытша мэр тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар