Қалдыбек Құрманәлі әнші Мәдина Ералиеваның ұлын кімнен туғанын айтты

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі «Астарлы ақиқат» бағдарламасында марқұм Мәдина Ералиеваны еске алып, оның өміріне қатысты көпшілікке беймәлім сырды ашып айтты.
Сазгердің сөзінше, өнер иесінің Болат Атабаевпен арадағы қарым-қатынасы мен олардың ұлы Арсен жайлы шындық ұзақ жылдар бойы айтылмай келген.
«Мәдина Арсенді күлге аунап туған жоқ. Болат Атабаев – баласының биологиялық әкесі. Арсенді бәрі Мәдинаның баласы дейді, олай емес. Ол – Болат Атабаевтың баласы. Екеуі ғашық болды. Болат менің жездем болды. Мәдинаны әпке дейтінмін. Болат – үлкен аңызға айналған тұлға, қайраткер, ондай режиссер кемде-кем», – дейді Қалдыбек Құрманәлі.
Сазгер сондай-ақ Болат Атабаев пен ұлын қалай табыстырғанын да баяндап берді.
«Бірде Мәдина Ералиеваны еске алу кешін Астанада өткізетін болдық. Арсеннің үйіне барып, шаршап, ұйықтап қалдым. Кештің режиссері Болат Атабаев болды. Басында көнгісі келмеді. Сосын «өткен шақпен сөйлеудің қажеті жоқ, балаңыз бар» дедім. Арсеннің үлкен ұлы Әлішер кішкентай еді. Қайта-қайта маған келіп, «ата» деп құшақтай береді. Бір күні Болат Атабаевты алып барып, «Әлішер, міне, атаң» деп көрсеттім. Жұрттың бәрі Мәдина Ералиеваның күйеуін көргісі келеді. Сахнаға шығып сөйлеп, режиссері ретінде Болат Атабаевты ортаға шығардым, көрсеттім. Сондықтан Арсенді айтқанда, анасы мен әкесін де бірге айту керек. Бұл – тектінің ұрпағы», – деп бөлісті ол.
Бұл естелік қазақ мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алған тұлғалардың өмірінен тың деректерді ашып, Мәдина Ералиева мен Болат Атабаевтың арасындағы байланысты жаңа қырынан көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар





