Қарағандыда тамақтану орнында жойқын жарылыс болды
Қарағанды қаласындағы тамақтану орындарының бірінде газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам түрлі дәрежедегі күйік жарақатын алды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 22 қаңтар күні Қазыбек би ауданындағы Ермеков көшесінде орналасқан киоск үлгісіндегі жедел тамақтану дәмханасында болған. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
ТЖД мәліметінше, сыйымдылығы 17 литр болатын газ баллонындағы газ-ауа қоспасы жарылып, одан кейін өрт шыққан. Жалын дәмхананың ішкі және сыртқы қаптамасын, жиһазды, тұрмыстық техниканы және қолданылған киімдерді шарпыған. Оқиға кезінде құтқарушылар қосымша 27 литрлік екі газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.
Жарылыс супермаркет жанында орналасқан дөнер мен бургер әзірлейтін дүңгіршекте болған. Сол сәтте дәмхана иесі, екі курьер және бір келуші іште болғаны анықталды. Төрт адам да күйік белгілерімен медициналық мекемеге жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің үшеуі бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар