Қарбыз жегеннен кейін бүтін бір отбасы қайтыс болды

28.05.2026 19:20 Қарақат АСЫЛОВА
Қарбыз жегеннен кейін бүтін бір отбасы қайтыс болды
241
Қарбыздан егеуқұйрық уы табылған

Үндістанның Мумбаи қаласында бір отбасының төрт мүшесі қарбыз жегеннен кейін көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу барысында жемістің құрамынан егеуқұйрық уы табылғаны белгілі болды.

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, Абдулла Докадия, оның жұбайы Насрин және жасөспірім қыздары Айеша мен Зайнаб үйде қарбыз жегеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. Оларда қатты құсу, іш өту, іштің ауыруы мен бас айналу белгілері байқалған.

Отбасы мүшелері шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оларды аман алып қала алмады.

Сот-медициналық сараптама кезінде марқұмдардың ағзасынан егеуқұйрық уының құрамында қолданылатын мырыш фосфиді анықталған. Улы заттың іздері бауыр, бүйрек және асқазаннан табылған. Тергеу барысында үйдегі азық-түліктер тексеріліп, улы заттың ізі тек қарбыз қалдықтарынан ғана анықталған. Құқық қорғаушылар қасақана улау және абайсызда улану нұсқаларын қарастырып жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, улы зат жеміске тұз арқылы түсуі мүмкін. Қазіргі уақытта тұздың үлгілері сараптамаға жіберілген.

Дәрігерлердің айтуынша, мырыш фосфиді адам ағзасына түскен кезде фосфин газын бөліп шығарып, ішкі ағзаларды зақымдайды. Мамандар бұл уға қарсы арнайы антидот жоқ екенін айтты.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий