Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы құттықтауында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, алдағы даму бағыттарын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Республика күні – мыңжылдықтардан бастау алатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын бейнелейтін қастерлі мереке.
«Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдығына экономикасы қуатты, халықаралық аренада беделі жоғары әрі ықпалды орта держава ретінде жетіп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ Президент елдің болашақтағы басты мақсаты – мемлекеттік институттары мықты, адами капиталы сапалы, жаһандық бәсекеге қабілетті және дамыған мемлекет қалыптастыру екенін айтты.
Тоқаев Конституцияның заңды күшіне енуі ел өміріндегі тарихи маңызы зор оқиға болғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және саяси, экономикалық, мәдени әрі әлеуметтік салаларда түбегейлі өзгерістер жасауға серпін берген.
Бұдан бөлек, Президент озық технологиялар мен инновацияларды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Елде мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар салынып, халықтың игілігіне бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы қоғамда заң мен тәртіпті сақтау, тазалыққа мән беру, қоршаған ортаға қамқорлық таныту, бірлік пен келісімді нығайту маңызды екенін атап өтті.
«Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің шаңырағы биік, халықтың рухы асқақ болуын тілеп, барша қазақстандықты Республика күнімен құттықтады.
Соңғы жаңалықтар