«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік қауіпсіздіктің жаңа стратегиясын енгізе бастады
«Қазақмыс» корпорациясы биылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы жаңартылған стратегияны жүзеге асыруға кіріскенін мәлімдеді. Компания басшылығы жаңа құжаттың негізгі бағыттарын жұмысшылармен өткен кездесулерде түсіндіріп, басты назар адам өмірі мен денсаулығына аударылатынын жеткізген, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа стратегия қауіпсіздікті басқаруды жүйелі түрде нығайтып, цифрлық шешімдерді дамытуға және басшылардан бастап қатардағы қызметкерлерге дейінгі барлық деңгейде жеке жауапкершілікті қалыптастыруға негізделген. Корпорациядағы кез келген өндірістік тапсырма адам өмірінен маңызды емес деп танылып, әрбір жұмысшы өзіне немесе әріптесіне қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтата тұруға толық құқылы. Бұл бастама заманауи стандарттарды енгізе отырып, өндірістік тәуекелдерді азайту мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Жаңартылған құжатта ашықтық мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Ендігі кезекте жазатайым оқиғаларды жасырған өндірістік нысан басшыларының жауапкершілігі күшейтіліп, оларға қатаң тәртіптік шара қолданылуы немесе еңбек шарты бұзылуы мүмкін. Мұндай қадамдар әкімшілік қысымды төмендетіп, қауіп-қатерді дер кезінде анықтайтын ашық орта құру үшін жасалып жатыр.
Компания өкілдері жарақат алу деңгейін тек барлық қызметкердің бірлескен әрі жүйелі жұмысының арқасында ғана төмендетуге болатынын мәлімдеді. Бұл стратегия корпорацияның тұрақты дамуының ажырамас бөлігі саналады және жұмысшылар мен өңір тұрғындары алдындағы жауапкершілікті білдіреді.
Последние новости