«Қазақмыс» үш қалада мыңдаған балаға мереке ұйымдастырды

02.06.2026 10:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Қазақмыс» үш қалада мыңдаған балаға мереке ұйымдастырды
65
Фото: KAZAKHMYS

Биылғы 1 маусымда Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мыңнан астам баланың қатысуымен мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Politico.kz «Қазақмыс» корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған шаһарлардың кішкентай тұрғындарына арнап «Ұлы Бала Fest – Балалық шаққа саяхат» атты арнайы фестиваль ұйымдастырылып, жиналған ата-аналар мен балалар түрлі интерактивті ойындарға, шығармашылық шеберлік сабақтары мен спорттық жарыстарға қатысты. Ұйымдастырушылар отбасылық мереке атмосферасын қалыптастыруға ерекше назар аударғандықтан, әрбір балғын өз қызығушылығына сай іспен айналысып, жақындарымен бірге көңілді уақыт өткізді.

Сонымен қатар мереке аясында компания жұмыскерлерінің балалары үшін Жезқазған, Қарағанды және Балқаш қалаларындағы өндірістік нысандарға арнайы экскурсия жасалып, жасөспірімдер Нұрқазған байыту фабрикасы мен Қоңыраттағы алаңды, сондай-ақ жөндеу және құю-механикалық зауыттарын аралады. Онда қатысушылар заманауи технологиялармен танысып қана қоймай, ата-аналарының күнделікті атқаратын жауапты еңбегін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.

Бұдан бөлек корпорация өкілдері Жезқазғандағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін арнайы құттықтап, оларға түрлі сыйлықтар табыстау арқылы қайырымдылық акциясын өткізді. Жас ұрпаққа қамқорлық жасауды әлеуметтік саясатының негізгі бағыты санайтын мекеме 2026 жылдың 7 маусымынан бастап еліміздегі сауықтыру лагерьлеріне жұмыскерлерінің 1200-ден астам баласын жіберуді жоспарлап отыр.

Ал ерекше медициналық көмекке мұқтаж балаларды қолдау аясында 2026 жылдың басынан бері оңалту бағдарламасы арқылы 54 бала қалпына келтіру емін алса, бұл жобаны қаржыландыруға 31 млн теңге бөлінген. Жалпы 2020 жылдан бері іске қосылған осы бағдарлама шеңберінде Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында мыңнан астам балаға тиісті көмек көрсетіліп, компания өздеріне қатысты өңірлердің әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий