«Қазақмыс» Жезқазғанда жаңа геологиялық кластер ашып, барлау жұмыстарын 3D форматқа көшіреді

26.02.2026 11:24 Арман Ермеков
«Қазақмыс» Жезқазғанда жаңа геологиялық кластер ашып, барлау жұмыстарын 3D форматқа көшіреді
2
Фото: «Қазақмыс корпорациясы»

«Қазақмыс» корпорациясы биыл геологиялық барлау жүйесін жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосатынын мәлімдеді. Жезқазған қаласында геологиялық және маркшейдерлік жұмыстарды цифрландырумен қатар заманауи инфрақұрылым құру қолға алынбақ, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның бес кенішінде жүргізілген тәуелсіз аудит пен ішкі талдау нәтижесінде бұған дейінгі есептеулердің негізінен екі өлшемді форматта жасалғаны белгілі болған. Бұл жағдай модельдеу мен болжау мүмкіндігін шектейтіндіктен, басшылық биыл толыққанды үш өлшемді геологиялық модельдеуге көшу туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта төрт жүзге жуық маман арнайы бағдарламалық жүйемен жұмыс істеуге оқытылып, бейінді қызметкерлер үшін тереңдетілген курстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар кен орындарының литологиялық және гидрологиялық модельдері жасалып жатыр. Бұл кен қабаттарының геометриясын ғана емес, күрделі табиғи факторларды да ескеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек геологиялық деректерді сақтауға және талдауға арналған орталықтандырылған жүйе енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе барлық активтер бойынша бірыңғай ақпараттық база қалыптастырып, кен қорын есептеу дәлдігін арттыруға және тәуекелдерді азайтуға септігін тигізеді.

Цифрлық өзгерістермен қатар Жезқазғанда жалпы ауданы он төрт мың шаршы метр болатын жаңа геологиялық кластер бой көтереді. Кешенде заманауи керн сақтау қоймасы, зертханалар, дәрісханалар және мұражай аймағы болады. Керн қоймасын басқару австралиялық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылса, білім беру жобалары америкалық университетпен серіктестік аясында іске аспақ.

Қазіргі уақытта нысандардың бір бөлігі салынып бітті, ал қалған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың үшінші және төртінші тоқсандарында аяқталады деп жоспарланған. Кластер толық іске қосылғанда екі жүздей жаңа жұмыс орны ашылып, геологиялық барлаудың толық циклі қалыптасады. Ондаған жылдар бойы игеріліп келе жатқан кен орындары үшін бұл қадамдар өндірісті жоспарлауды халықаралық стандарттарға сай жақсарта түседі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий