Қазақмыс Жезқазғандағы зауытын жаңартуға қыруар қаржы құйды

10.08.2026 11:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс Жезқазғандағы зауытын жаңартуға қыруар қаржы құйды
79
Фото: KAZAKHMYS

Биыл Жезқазған мыс балқыту зауытын кешенді жаңғыртуға және техникалық қайта жарақтандыруға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл туралы «Қазақмыс» корпорациясы хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымын дамыту мен негізгі цехтарды жаңартуды көздейтін жоба аясында металлургиялық жабдықтарды күрделі жөндеуге басымдық беріліп отыр. Корпорация бөлген қаражаттың ең үлкен бөлігі, яғни 15,9 млрд теңгесі балқыту цехындағы кен-термиялық пеш пен анод пештеріне және конвертер блогын жаңартуға жұмсалуда. Бұл қадам технологиялық үдерістің сенімділігін арттырып қана қоймай, қондырғылардың қызмет ету мерзімін айтарлықтай ұзартады.

Оған қоса технологиялық жабдықтарды жаңартуға 3,6 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда мыс электролизі цехында 234 полимербетон ваннасы мен күштік трансформатор ауыстырылып, жаңа көпірлі кран орнатылып жатыр. Сондай-ақ балқыту және жылу-энергиямен жабдықтау цехтарындағы ескірген құю машиналары мен турбоайдағыштар да жаңасына алмастырылмақ.

Өндірістік нысандар мен жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту да басты назарда. Бұл мақсатқа 4,4 млрд теңге бағытталып, қазіргі уақытта цехтардың шатырлары қалпына келтіріліп, градирняға күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерді жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек жыл соңына дейін компания шихта дайындау цехын жөндеп, крандарға қауіпсіз қызмет көрсететін арнайы алаң құру үшін қосымша 1,4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Жалпы Жезқазған мыс балқыту зауытын кешенді түрде қайта жарақтандыру компанияның ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының ажырамас бөлігі саналады. Бағдарламаның басты мақсаты зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өндірістің экологиялық тұрақтылығын сақтау және жұмысшыларға барынша қауіпсіз еңбек жағдайын жасау болып табылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий