Қазақстан білімге трлн бөлмек: мектептерде не өзгереді?
Қазақстанда жаңа мектептер салынып, білім саласына қомақты қаржы бөлініп жатыр. Алайда оқушылардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Халықаралық зерттеу нәтижелері қазақстандық оқушылардың математика, оқу сауаттылығы және жаратылыстану пәндерінен көрсеткіші төмендегенін көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
Energyprom агенттігінің жазуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 15 жастағы оқушылардың білімін бағалайтын PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялаған. Бұл зерттеу 3 жыл сайын өткізіліп, балалардың математикалық сауаттылығын, жаратылыстану ғылымдары бойынша білімін және оқығанын қаншалықты түсінетінін бағалайды.
Жарияланған деректерге сүйенсек, Қазақстанның көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда нашарлаған.
Атап айтқанда:
- Математика: 2022 жылғы 425 ұпайдан 414 ұпайға төмендеген.
- Оқу сауаттылығы: 386 ұпайдан 385 ұпайға түскен.
- Жаратылыстану: 423 ұпайдан 420 ұпайға азайған.
Әсіресе математикадан нәтиже айтарлықтай нашарлаған. Дегенмен 2009 жылмен салыстырғанда математика мен жаратылыстану бойынша ілгерілеу бар. Ал оқу сауаттылығы керісінше төмендеген.
Мұнда бір маңызды мәселе бар. PISA зерттеуі баланың жай ғана оқи алатынын тексермейді. Ол оқушының мәтіндегі ақпаратты түсіну, одан қорытынды шығару, кестелер мен сызбаларды талдау қабілетін бағалайды. Бұл дағдылар басқа пәндерді меңгеруге де қажет.
Қазақстанның нәтижелері халықаралық орташа көрсеткіштен де едәуір төмен. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде математикадан орташа көрсеткіш 463 ұпай болса, Қазақстанда 414 ұпай. Оқу сауаттылығы бойынша 461 ұпайға қарсы 385 ұпай, жаратылыстанудан 482 ұпайға қарсы 420 ұпай тіркелген.
PISA қорытындысы бойынша елдердің ресми рейтингі жасалмаған. Дегенмен ұйымның есебіндегі 91 қатысушының тізімінде Қазақстан 61-орында көрсетілген.
Ең жоғары нәтиже көрсеткендер қатарында Қытай, Сингапур, Жапония, Эстония және Корея бар. Қытай оқушылары математикадан 600 ұпайдан жоғары жинаған. Еуропаның дамыған елдері мен АҚШ алғашқы отыздыққа енген. Ал ең төмен көрсеткіштер Руанда, Тәжікстан, Кения және Замбияда тіркелген. Тәжікстанда зерттеу тек Душанбе қаласында жүргізілген.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, зерттеу нәтижелерін А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары талдап, білім сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстарын кейін жариялайды.
Білім сапасын жақсарту үшін не істелмек?
Оқу-ағарту министрлігі 2030 жылға дейінгі білім беруді дамытудың ұлттық жоспарын жаңартқан.
Құжатта 2029 жылы өтетін келесі PISA зерттеуіне арналған мақсаттар белгіленген. Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылығы бойынша көрсеткішін 406 ұпайға, математика менжаратылыстанудан 445 ұпайға жеткізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, 2029 жылы математика мен жаратылыстанудан оқушылардың кемінде 57 пайызы, ал оқу сауаттылығынан 40 пайызы PISA зерттеуіндегі ең төменгі қажетті деңгейді еңсеруі тиіс.
Алайда бұл көрсеткіштерге қол жеткізген күннің өзінде Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің қазіргі орташа нәтижесінен төмен болады.
Жыл сайын 160 мың оқушыға арналған жаңа орын ашылады
Үкіметтің білім саласындағы негізгі жоспарларының бірі – мектеп тапшылығын азайту.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020-2025 жылдары Қазақстанда 689 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бұл оқушы санының өсуіне байланысты туындаған орын тапшылығын азайтуға, ескі мектептерді алмастыруға және жұмыс істеп тұрған мектептердің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік берген.
Енді 2030 жылға дейін жыл сайын 160 мың оқушыға арналған жаңа орын ашу жоспарланып отыр.
Соның нәтижесінде үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесі 2025 жылғы 0,98 пайыздан 2030 жылы 0,5 пайызға дейін төмендеуі керек. Апатты жағдайдағы мектептер де азайтылмақ.
Сондай-ақ 2030 жылға қарай барлық орта мектеп химия, физика, робототехника және басқа пәндерге арналған арнайы кабинеттермен жабдықталуы тиіс.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру да назардан тыс қалмаған. Жоспар бойынша 2027 жылы педагогтердің 62 пайызы, ал 2028 жылы 92 пайызы біліктілікті арттыру курстарынан өтуі керек.
Бұдан бөлек, тірек білім беру ұйымдарының әлеуетін дамыту жобасы аясында әдістемелік көмек алатын мемлекеттік мектептердің үлесін 3,9 пайыздан 14,2 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Білім саласына қанша ақша бөлінеді?
Оқу-ағарту министрлігінің құжатына сәйкес, 2025-2030 жылдары ұлттық жоспарды жүзеге асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Оның басым бөлігі, яғни 655,8 млрд теңге, 2025 жылы жұмсалған. Ал 2026 жылы 74,7 млрд теңге, 2030 жылы 70,6 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Бұдан бөлек, білім саласына салынатын негізгі капиталға инвестиция көлемі де өседі.
Министрліктің болжамынша, 2026 жылы бұл көрсеткіш 732,5 млрд теңгені, 2027 жылы 892,6 млрд теңгені құрайды. Кейін жыл сайын ұлғайып, 2030 жылы 1,6 трлн теңгеге жетуі тиіс.
Осылайша, алдағы жылдары Қазақстанда жаңа мектептер салынып, оқу кабинеттері жаңартылып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінбек. Бірақ халықаралық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мәселе мектеп санын көбейтумен ғана шешілмейді. Ендігі маңызды міндет – балалардың алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуына жағдай жасау.
Соңғы жаңалықтар