Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етті – өндіріс 10%-ға өскен
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда азық-түлік өндірісінің көлемі шамамен 10%-ға артып, еліміз ішкі нарықты негізгі тауарлармен толық қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бұл көрсеткіштердің президент тапсырмасымен қабылданған кешенді шаралардың тікелей нәтижесі екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жасалған мемлекеттік қолдау механизмдері халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Үкімет басшысы субсидия бөлуден бастап өнімді әлемдік нарыққа шығаруға дейінгі тәсілдерді дамыған елдердің барлығы қолданатынын жеткізді.
«Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті», – деді премьер-министр.
Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін арнайы Отандық өндірушілер тізілімі құрылып, Ұлттық тауарлар каталогі іске қосылған. Бұл цифрлық жүйелер кәсіпкерлерге қолдау шараларына жедел қол жеткізуге және тауарлардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалауға жол ашады.
«Мемлекеттік қолдау шараларына жедел қол жеткізіп, тауарлардың жергілікті шығу тегін растау мақсатында Отандық өндірушілер тізілімі жасалды. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдері кезінде адал кәсіпкерлерге басымдық берілуін қамтамасыз етеді. Биыл іске қосылған Ұлттық тауарлар каталогі тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйенің негізін қалады. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған», – деді Олжас Бектенов.
Соңғы жаңалықтар