Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды

04.08.2026 09:33 Әсел МҰРАТ
Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды
203
Фото: magnific.com

Қазақстанда биыл аптап ыстықтың салдарынан 26 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен төрт есе жоғары, деп хабарлайды Politico.kz BES.media басылымына сілтеме жасап.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың мәліметінше, 2025 жылы ыстық ауа райынан жеті адам қайтыс болған. Ал биыл бұл сан 26 адамға жетіп отыр.

Маманның айтуынша, қатты ыстықтан ең көп зардап шегетіндер қатарында егде жастағы адамдар, диспансерлік есепте тұрған азаматтар, созылмалы ауруы бар балалар, жүкті әйелдер және түрлі созылмалы дертке шалдыққан науқастар бар. Сонымен қатар күннің астында жұмыс істейтін құрылысшылар мен өзге де еңбеккерлер аптап кезінде медициналық көмекке жиі жүгінеді.

Зәуре Нұритдинова соңғы айларда жедел жәрдем қызметіне жүгінген 30 мыңға жуық адамның 2700-іне күн өту, дененің шамадан тыс қызуы және сусыздану белгілеріне байланысты көмек көрсетілгенін айтты. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Бұдан бөлек, аптап ыстықтың әсерінен 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған.

Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе де ыстық ауа райының адам денсаулығына кері әсері күшейіп келе жатқанын атап өтті. Ұйымның мәліметінше, Орталық Азияда ауа температурасы жаһандық орташа көрсеткішке қарағанда екі есе жылдам көтеріліп жатыр.

Климаттағы бұл өзгерістердің денсаулыққа әсері Қазақстанда да байқалады. Мәселен, биыл маусым айында артериялық гипертонияға байланысты шұғыл медициналық көмекке жүгіну жағдайлары өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 26 пайызға артқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий