Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифі жыл сайын 20-30%-ға қымбаттайды

Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифі шамамен 20-30%-ға қымбаттайды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Келесі жылдан бастап Қазақстанда коммуналдық қызметтердің құны барлық санаттағы тұтынушылар үшін орта есеппен 20-30%-ға өседі. Бұл өзгеріс энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ауқымды ұлттық жобамен байланысты. Үкімет ескірген желілерді жаңарту үшін осындай қадамға барып отыр.
Бұл туралы үкіметте өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр желтоқсанда бекітілген ұлттық жоба аясында бес жыл ішінде салаға 13 триллион теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Бұл қаражатқа 86 мың шақырым коммуналдық желі салынып, жөнделеді және жалпы қуаты 7,3 гигаватт болатын жаңа энергия көздері іске қосылады.
Жаңғыртуға ақша қайдан келеді?
Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін қаражат төрт негізгі көзден тартылады:
- Отандық және халықаралық қаржы институттары;
- Екінші деңгейлі банктер;
- Бюджет және Ұлттық қор қаражаты;
- Бизнес иелерінің – акционерлердің қаржысы.
Үкімет монополистерге несие мөлшерлемесінің 10%-ға дейінгі бөлігін субсидиялайды. Қалған шамамен 10%-ы (банктер несиені орта есеппен 20%-бен беретінін ескерсек) тікелей тарифке қосылады.
"Біз биыл пилоттық режимде 150 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартып жатырмыз. 8,5 мың шақырым желіні жөндеп, 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарлануда", - деді Қанат Бозымбаев.
"Бұл ауыртпалықты кім көтереді?"
Журналистердің "Барлық шығын тағы да салық төлеушілерге жүктеле ме?" деген сұрағына вице-премьер ашық жауап берді.
"Ал кімге арту керек еді? Гена ағайға немесе Вова ағайға ма? Бізде апаттар жиі, шығын өте жоғары, қызмет сапасы нашар. Инфрақұрылымды қысқа мерзімде жаңғырту қажет. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, біз нарықтық ортада өмір сүріп жатырмыз, тұтынушылар төлейді", – деді Қанат Бозымбаев.
Ол сондай-ақ олигархтарға тиесілі компанияларға мемлекеттен субсидия беруді ауыл шаруашылығын қолдаумен салыстырды.
"Егер тариф инвестицияны қайтармаса, бірде-бір олигарх бұл салаға бір тиын да салмайды", – деп түйіндеді сөзін вице-премьер.
Тариф қаншаға өседі: екі түрлі болжам
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев тарифтер ЖЫЛ САЙЫН 20-30%-ға өсетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бір бөлмелі пәтер үшін айына қосымша 3,5 мың теңге, ал екі бөлмелі пәтер үшін 5-7 мың теңге төлеуге тура келеді.
«Қазір бір бөлмелі пәтердің орташа төлем 25 мың теңге болса, келесі жылы шамамен 28-30 мың теңге болады», – деді ол.
Алайда Қанат Бозымбаев бұл пікірмен келіспей, комитет басшысының "30% өсім туралы айтып, артық кеткенін" жеткізді. Вице-премьер тарифтің нақты қаншаға өсетінін айтпағанымен, "негізделген өсім" болатынын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





