Қазақстанда медицинаға 2030 жылға дейін 23 триллион теңге жұмсалмақ
Қазақстанда 2030 жылға дейін денсаулық сақтау саласын дамытуға 23,1 триллион теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл туралы «Finprom.kz» Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйеніп жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа ұлттық жоспарға сәйкес, мемлекеттің медицинаға жұмсайтын шығыны жалпы ішкі өнімнің 2,9 пайызынан 3,7 пайызына дейін өседі.
Басты мақсаттардың бірі халықтың өмір сүру ұзақтығын 75,8 жастан 77,3 жасқа жеткізу. Сондай-ақ азаматтардың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығынын 26,5 пайыздан 19,5 пайызға дейін азайту көзделген.
Елімізде жаңа ауруханалар мен емханалар салынып, ескі ғимараттар жөнделеді. Бұл жұмыстарға 2,7 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Ең көп қаражат Ақмола облысына бөлінбек. Өңірдегі медициналық нысандарға 339,5 миллиард теңге жұмсау жоспарланған. Жамбыл облысына 237,1 миллиард, Абай облысына 201,3 миллиард теңге қарастырылған.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді ету үшін жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар пайдаланылмақ.
Жоспар бойынша жыл сайын медициналық тексеруден өтетін азаматтар саны 4 миллионнан 4,3 миллионға дейін көбейеді.
Елімізде дәрігер тапшылығын азайту да көзделген. Қазір жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар шамамен 3,9 мың медицина маманы жетіспейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 3 мыңға дейін қысқарту жоспарланған.
Осы мақсатта резидентурада білім алатын мамандарға жыл сайын 2,5 мың грант бөлінбек.
Соңғы жаңалықтар