Қазақстанда шілдеден бастап газ бағасы күрт қымбаттайды

08.05.2026 16:19 Мөлдір Қайнар
Қазақстанда шілдеден бастап газ бағасы күрт қымбаттайды
296
Фото: Unsplash

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда коммуналдық тарифтермен қатар көтерме тауарлық газ бағасы да қымбаттайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкіметтегі брифинг барысында министр 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасын 33 пайызға арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, бұл шешім Энергетикалық кеңес деңгейінде қабылданған. Сонымен қатар елдің бірқатар өңірінде коммуналдық тарифтер кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр. Мысалы, Астанада жылу тарифі шамамен 15 пайызға, ал су мен су бұру қызметтері 20-29 пайызға өскен. Осындай өзгерістер кейін Ұлытау облысы, Ақмола облысы және Алматыда енгізілмек.

«Бәрі бір уақытта болмауы үшін осылай жасап отырмыз. Жалпы қазіргі жағдайда осылай қалдырсақ, инфляцияға әсері 0,3%-дан аспайды. Сонымен қатар біз газдың көтерме бағасын да өсіруді жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі таңда расталған газ қоры бойынша жағдайымыз аса жақсы емес», – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, қазіргі баға деңгейі жекеменшік компанияларды газ өндіруге қызықтырмайды, өйткені бұл сала инвестициялық тұрғыда тиімсіз болып отыр. Сондықтан үкімет газ өндіру саласына инвестор тарту үшін бағаны көтеруге мәжбүр екенін айтты.

«Шілде айында, нақтырақ айтқанда 1 шілдеден бастап, газ бағасын 33%-ға көтеруіміз керек. Бұл инфляция деңгейін шамамен 0,16%-ға арттырады. Яғни айтарлықтай үлкен әсер етпейді», – деді министр.

Сондай-ақ ол егер баға көтерілмесе, болашақта Қазақстанға газды сырттан импорттауға тура келуі мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, сырттан келетін газ әлдеқайда қымбат болады.

«Баға инвесторлар үшін ынталандыру тетігі болуы керек. Әйтпесе газ басқа себептермен қымбаттайды. Өйткені оны импорттауға тура келеді. Ал бізге газ экспорттайтын елдер бізді аяп отырмайды», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Войдите, чтобы оставить комментарий