Қазақстанда жаңа рейтинг агенттігі мен ғылым қалашықтары пайда болады
Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын реттейтін жаңа заң жобасын мақұлдап, ғылым саласына үлкен өзгерістер әкелетін құжатты қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.
15 сәуірде Астанада өткен жалпы отырыста депутаттар рейтингтік қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ олар ғылым мәселелеріне қатысты өзгерістерді екінші оқылымда қабылдады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова құжатты таныстырып, елімізде алғаш рет кредиттік рейтинг агенттіктерінің жұмысы заңмен реттелетінін мәлімдеді.
Енді Ұлттық банктің қатысуымен отандық рейтинг агенттігі құрылады. Оның жарғылық капиталы 10 млрд теңге көлемінде бекітілмек. Нарыққа Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының кемінде бес елінде танылған шетелдік ұйымдар да кіре алады. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін рейтинг агенттіктеріне консультациялық қызмет көрсетуге заңмен тыйым салынбақ. Депутаттардың сөзінше, бұл инвесторлардың құқығын қорғап, қаржы жүйесіне деген сенімді арттырады.
Бұдан бөлек халық қалаулылары ғылыми-техникалық қызметті жақсартатын заңды қолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым қалашықтарын құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын, сол тапсырманы іске асыру үшін біз заңға алғаш рет ғылыми аумақ ұғымын енгізіп отырмыз», – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Жаңа заң негізінде ғалымдарды қолдау үшін арнайы білім гранттары бөлініп, ғылым қалашықтарына еркін экономикалық аймақ мәртебесі беріледі. Құжат Ұлттық ғылым академиясының жұмысын жүйелеп, ғалымдарға еркін ізденуге толық жағдай жасайды. Сонымен қатар дарынды балалар мен олимпиада жеңімпаздары мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалана алады.
Заң денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға да жеңілдіктер әкелді. Енді дәрі-дәрмекті тіркеу уақыты 210 күннен 100 күнге дейін қысқарады. Ал ұзақ уақыт комада жатқан адамдардың жақындары олардың атынан мүгедектік рәсімдеп, тиісті жәрдемақыларды кедергісіз алады.
Отырыс соңында депутаттар әртүрлі түйткілді мәселелер бойынша үкіметке 13 сауал жолдады.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте ірі мұнай-газ компанияларының отандық өнімді сатып алу үлесін арттыру мәселесі талқыланған болатын.
Соңғы жаңалықтар