Мұнай-газ алпауыттары қазақстандық өнімді қаншалықты сатып алып жатыр

10.04.2026 10:31 Арман Ермеков
Мұнай-газ алпауыттары қазақстандық өнімді қаншалықты сатып алып жатыр
62
|Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі|

Мәжіліс қабырғасында ірі мұнай-газ компанияларының отандық өнімді сатып алу үлесін арттыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәжілістің экология комитетінде депутат Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» және «Силлено» компаниялары басшыларының қатысуымен жиын өтіп, онда ірі сатып алулардағы қазақстандық үлесті көбейту жолдары сөз болды.

Депутат Еділ Жаңбыршин бұл мәселе тек компаниялардың жеке шаруасы емес, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен елдің технологиялық тәуелсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт екенін ескертті. Оның сөзінше соңғы 2 жылда отандық өндірушілердің ірі жобаларға қатысу мүмкіндігі кеңейіп, шетелдік тауарларды алмастыратын қазақстандық өнімдер тізімі біртіндеп көбейіп келеді.

Жиында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен компания басшылары нақты сандарды келтірді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясындағы елішілік құндылықтар көлемі 836 миллиард теңгеден асып, 80 пайыздық көрсеткішке жеткен. Ал «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев былтырғы сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық жеткізушілердің үлесі 93 пайызды құрағанын айтты. Оның ішінде тауарлардың 70 пайызы тікелей қазақстандық өндірушілерден алынса, жұмыстар мен қызметтер бойынша бұл көрсеткіш 97 пайызға жеткен.

Өз кезегінде «QazaqGaz» басқарма төрағасы Әлібек Жамауов 2025 жылы компанияның тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі 345 миллиард теңге болғанын жеткізді. Сонымен қатар Атырау облысында «Полиэтилен» жобасын жүзеге асырып жатқан «Силлено» серіктестігінің бас директоры Мұхтар Авутбаев зауыт құрылысына 15 мыңнан астам адам тартылатынын және жұмысқа бірінші кезекте Қазақстан азаматтары алынатынын мәлімдеді.

Талқылау соңында депутаттар мұнай-газ химиясы жобаларына қазақстандық қамтуды арттыру бойынша нақты талаптар енгізуді сұрады. Сондай-ақ олар делдалдарды азайтып, қажетті тауарларды тікелей өндірушілерден сатып алуға кезең-кезеңімен көшу қажеттігін тапсырды.

«Қазақстандық қамтуды арттыру тек сандық көрсеткіштерге жету емес, бұл отандық өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған кешенді міндет», - деді Еділ Жаңбыршин.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий