Қазақстандағы барлық базарлар мен шағын дүкендер цифрлық форматқа көшеді
Қазақстанда барлық үй жанындағы дүкендер мен базарларды цифрландыру жоспарлануда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл шара сауда саласының тиімділігін арттыруға және онлайн сауданы дамытуға бағытталған.
«Біз сауда саласын толық цифрландыруды көздеп отырмыз. Бұл шара базарлар мен үй жанындағы дүкендерді де қамтиды. Біздің мақсатымыз – сауданың цифрлық айнасын құру және барлық сатушыларды онлайн және офлайн жұмыс істейтін форматқа тарту», – деді министр.
Шаққалиев Алматыда базарларды цифрландыру пилоттық режимде басталғанын айтты.
«Кәсіпкерлер есеп айырысу терминалдарын қолдануға міндеттеледі. Әрбір саудагердің цифрлық ізі болуы қажет», – деп атап өтті министр.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы жүргізілген талдау нәтижелері онлайн сауданың тиімділігін көрсеткен. Онлайн форматтағы компаниялар ірі, тұрақты және жоғары сатылымдарға ие.