Қазақстанның үш облысының жолдары аптап ыстықтан еріді
Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты цемент-бетон жабыны бар автожолдарда температуралық деформациялар тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, мұндай жағдайлар Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы алты жол учаскесінде анықталған. Ақаулар анықталысымен оқиға орындарына жол қызметкерлері мен арнайы техника жіберіліп, жөндеу жұмыстары жедел жүргізілді.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдардың 1 636,5 шақырымы тәулік бойы бақылауда. Жолдардың жай-күйін қадағалауға 51 маман мен арнайы техника жұмылдырылған.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кезінде цемент-бетон жабындысының беткі температурасы +60…+70 градусқа дейін, кей жағдайда одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Соның салдарынан бетон плиталарында ішкі кернеу пайда болып, жол жабынында уақытша деформациялар қалыптасады. Бұл – әлемнің көптеген елдерінде қатты ыстық кезінде кездесетін қалыпты эксплуатациялық құбылыс.
«ҚазАвтоЖол» мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жаз мезгілінде жолдарға тұрақты мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Ерте анықталған ақаулар дер кезінде жөнделіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.
Соңғы жаңалықтар