ҚазМұнайГаз Маңғыстаудан жаңа кен орнын іздеуді бастады

ҚазМұнайГаз Маңғыстаудан жаңа кен орнын іздеуді бастады
13.10.2025 16:18
0
76
Сурет ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының ресми арнасынан

Маңғыстау облысында жаңа кен орны ашылуы мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Астана. 13 қазан. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы еліміздің шикізат қорын молайту мақсатында маңызды қадам жасап, Маңғыстау облысындағы Солтүстік Өзен учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының осы жылдың сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.

Ұлттық компания осы жылдың маусым айында аталған күрделі жоба бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алған болатын. Құжатта көрсетілген минималды жұмыс бағдарламасына сәйкес, тереңдігі 2000 және 1650 метрді құрайтын екі іздеу ұңғымасы бұрғыланбақ.

Бұл ауқымды жобаның операторы «KMG Barlau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұған дейін компанияның осы еншілес ұйымы 400 шаршы шақырым аумақты қамтитын заманауи 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын толық аяқтаған болатын. Ендігі бұрғылау жұмыстарының нәтижесі учаскенің геологиялық құрылымын нақтылап, оның мұнай-газ қорының әлеуетін растауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарын өз күшімен белсенді түрде жүргізіп келеді. Бұған дейін компания Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой учаскесінде 5585 метрлік терең ұңғыманы бұрғыласа, Ақтөбе облысындағы Қаражар кен орнында 3250 метрлік бұрғылауды сәтті аяқтаған.

Жалпы, ұлттық компанияның жаңа геологиялық барлау жобаларындағы стратегиясы еліміздің ресурс базасын ұлғайтуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыруға және отандық мұнай-газ саласын ілгерілетуге бағытталған. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында толық ауқымды геологиялық зерттеулер жүргізуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий