ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына қатысты мәлімдеме жасады

12.10.2026 • 15:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына қатысты мәлімдеме жасады
150
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) алаяқтық үшін сотталған Перизат Қайраттың туыстарына қатысты мәлімдеме жасады. Агенттік олардың Дубайдағы пәтерлері қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынғаны туралы болжам расталмағанын хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.

ҚМА мәліметінше, тергеу кезінде барлық қаржылық операция тексерілген. Жымқырылған ақшаның қайда жұмсалғаны анықталған. Бірақ Перизат Қайраттың Алашбаевтар отбасымен қаржылық есеп айырысқаны туралы дерек табылмаған.

Агенттік жарияланымда аталған жылжымайтын мүлік 2011 және 2019 жылдар аралығында сатып алынғанын мәлімдеді. Бұл «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылып, Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін болған.

ҚМА мәліметінше, Алашбаевтар ерлі-зайыптысы 20 жылдан астам уақыт жылжымайтын мүлік сатып алып, сатумен айналысады. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсібін өз бетінше жүргізген.

Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына да тоқталды. Заң бойынша мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлел болса ғана оны бұғаттауға немесе тәркілеуге болады. Туыстық байланыс мұндай шараға негіз бола алмайды.

Еске салайық, бұған дейін «Выход к морю» Telegram арнасы Перизат Қайраттың жақын туыстарының Дубайда жеті пәтері барын жазған. Олардың жалпы құны 2,67 миллиард теңгеге бағаланған.

Арнаның мәліметінше, пәтерлер 2020 және 2022 жылдар аралығында Гүлбана Алашбаеваның атына рәсімделген. Ол Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған ағасы Сәбит Алашбаевтың әйелі.

Арна Гүлбана мен Сәбит Алашбаевтардың Қазақстанда ірі кәсіпкер ретінде танылмағанын жазған. Олардың Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Ерлі-зайыпты жылжымайтын мүлік саласында риелтор болып жұмыс істейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий