Перизат Қайраттың туыстары Дубайда 2,67 млрд теңгенің пәтерлеріне ие болған
Алаяқтық үшін сотталған Перизат Қайраттың жақын туыстарының Дубайда қымбат пәтерлері бар екені анықталды. Жеті пәтердің жалпы құны 2,67 миллиард теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
«Выход к морю» телеграм арнасының мәліметінше, пәтерлер 2020 және 2022 жылдар аралығында Гүлбана Алашбаеваның атына рәсімделген. Ол Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған ағасы Сәбит Алашбаевтың әйелі.
Жылжымайтын мүлік Дубайдағы қымбат тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Олардың жалпы құны 5,9 миллион доллар немесе 2,67 миллиард теңге.
Атап айтқанда, Forte Tower II кешеніндегі 116 шаршы метрлік пәтер 878,6 мың долларға бағаланған. Vida Dubai Mall Tower II кешенінде 750 мың және 1,12 миллион доллар тұратын екі пәтер бар.
Bellevue Towers кешеніндегі пәтердің құны 735 мың доллар. Azure Residence кешеніндегі екі пәтердің жалпы бағасы 1,65 миллион доллар. Harbour Views кешеніндегі тағы бір пәтер 780 мың долларға бағаланып отыр.
Бұған дейін Гүлбана Алашбаеваның Acacia at Park Heights кешенінде де пәтері болған. Ол 2020 жылы 380 мың долларға сатып алынып, кейін сатылған. Сату бағасы белгісіз.
Арнаның жазуынша, Гүлбана мен Сәбит Алашбаевтар Қазақстанда ірі кәсіпкер ретінде танылмаған. Олардың Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Ерлі-зайыпты жылжымайтын мүлік саласында риелтор болып жұмыс істейді.
2025 жылы Перизат Қайрат алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша 10 жылға сотталды. Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот ісі «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоры арқылы жиналған 3,5 миллиард теңгенің жымқырылуына қатысты болды. Сотталғандардан жалпы құны 900 миллион теңгеге жуық мүлік тәркіленді.
«Выход к морю» арнасы Дубайдағы пәтерлердің қандай қаражатқа сатып алынғаны нақты белгісіз екенін атап өтті. Олардың Перизат Қайраттың қылмыстық ісіне қатысы бары дәлелденбеген.
Соңғы жаңалықтар