«Қол қоятын құжатты оқу керек»: СІМ Ресейдегі қазақстандықтар туралы айтты

15.10.2026 • 11:45 Қанат АЙБАР
«Қол қоятын құжатты оқу керек»: СІМ Ресейдегі қазақстандықтар туралы айтты
160
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі қаралып жатыр. Кеше, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналистер одан соғыс аймағында жүрген қазақстандықтарды неге әлі күнге елге қайтара алмай отырғанын сұрады.

«Бәрін анықтап алайық. Олардың мұндай жағдайға қалай тап болғаны әзірге белгісіз. Біз мән-жайды анықтап жатырмыз. Ресей тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіліп жатыр, отбасыларымен жұмыс істеп жатырмыз», деді Ержан Ашықбаев.

Журналистер бұл жағдайды Қазақстанның Ресейдегі консулдық қызметінің жеткіліксіз жұмысымен байланыстыруға бола ма деп сұрады.

«Жоқ, мүлде олай ойламаймын. Түсінесіздер ме, азаматтардың өз жауапкершілігі бар. Олар қол қоятын құжаттарымен танысуы керек», деді министрдің бірінші орынбасары.

Ашықбаев кейбір қазақстандықтардың алдануы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

«Әрине, адамдардың алдау арқылы осындай жағдайға тап болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ тағы да қайталаймын, әрбір жағдай бойынша құжаттардың мәнін, олардың ол жаққа қалай және қандай негізде барғанын анықтап жатырмыз», деді ол.

СІМ өкілі қазақстандықтардың елге қашан қайтарылатынын нақты айтпады.

Еске салайық, бұған дейін бірнеше қазақстандық жігіт бейнеүндеу жариялаған. Олар Ресейге күзет агенттіктерінде жұмыс істеу үшін барғанын айтқан. Жігіттердің сөзінше, кейін оларды Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа күштеп қол қоюға мәжбүрлеп, Украинадағы соғысқа жібермек болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий