«Қол қойды»: Михаил Шайдоров пен министрлік арасындағы дау шешілді

01.06.2026 12:20 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Қол қойды»: Михаил Шайдоров пен министрлік арасындағы дау шешілді
161
Коллаж Politico.kz

Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровтың қаржыландыруына қатысты туындаған мәселенің толық шешіліп, тиісті құжаттарға қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрлік таратқан бейнежазбада Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшымен арадағы барлық түсініспеушілік артта қалғанын және келісімшарттың заң аясында рәсімделгенін атап өтті.

«Құрметті қазақстандықтар мен спортқа бейжай қарамайтын азаматтар, Туризм және спорт министрлігі атынан Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасағым келеді. Михаил – қазақ спортының тарихына есімін алтын әріппен жазған аңыз адам, сондықтан біз оны толық қолдап, тек жаңа жеңістер тілейміз. Көпшілік қызу талқылап жатқан келісімшартқа келсек, спортшы оған қол қойды және бұл процесс толығымен құқықтық өріс аясында өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, барлық тармақтарды талқылады, қазір құжат күшіне еніп, жұмысқа алынды. Одан туындайтын барлық міндеттемелер орындалып, тиісті төлемдер міндетті түрде жасалады. Сонымен қатар, Михаил 5 маусымда өз командасымен бірге алдағы маусымға дайындалу үшін АҚШ-қа аттанады, ал жақын арада ол министрлікке арнайы келіп, келесі олимпиадалық циклге дайындық пен еліміздегі мәнерлеп сырғанауды дамыту мәселелерін бірлесіп талқылайтын боламыз», – деді Серік Жарасбаев.

Айта кетейік, бұл даулы жағдайға қатысты бұған дейін белгілі балуан Ислам Байрамуков та өз пікірін білдірген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий