Құлан ауылында жастарды қорқытып ұстайтын топ енді адам өлтіруге көшкен?
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан ауылында 25 жастағы азаматты өз үйінің алдында атып кеткен, ал қанды оқиғадан кейін қауіпсіздігіне алаңдаған марқұмның әкесі Ішкі істер министрінен арнайы күзет тағайындауды сұрап отыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы Информбюро телебағдарламасына сілтемемен.
Оқиға Луговой станциясында күндізгі уақытта болған. Ауылға 2 көлікпен келген бір топ адам 25 жастағы Ахмет Дүкенбайды далаға шақырып алып, оған бірнеше мәрте оқ жаудырған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан жас жігіт ауруханада көз жұмды. Марқұмның артында жұбайы, 5 жасар ұлы мен 3-тегі қызы қалды. Жақындарының айтуынша, бұл қылмысқа ауыл жастарын уысында ұстағысы келетін жергілікті топтың тікелей қатысы бар.
«Сағат екі жарымның шамасында папам намаз оқып отырған кезімде тарс-тарс деген дауыстар шықты. Бес рет атылды дейді. 4-5 рет атылды бірінен кейін бірі дейді. Артынша бір сағат көлемінде үйге милициялар келген. Балаңыз ауыр жағдайда ауруханаға түсті деп. Ол бала осы жерде ақ жүріп кеткен ғой. Мәйітті денең түршікпей көру мүмкін емес. Ауыздан атылған оқ құлақ түбінен тесіп шыққан. Арқасынан тигені жүрек тұсын жұлып шыққан. Белі мен балтырында да оқ ізі қалған», – деді марқұмның әпкесі Зарина Дүкенбаева.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, марқұм мен күдіктілер арасындағы келіспеушілік осыдан 4-5 жыл бұрын басталған. Жергілікті қылмыс әлемінің серкесі саналатын «ТакаМака» Ахметке көлік сатамын деп ақшасын алғанымен, кейін не темір тұлпарды, не қаражатты қайтармай қойған. Бұған қоса, аталған топ ауыл жастарын өз айтқандарымен жүргізіп, қолбала қылғысы келген, алайда Ахмет олардың бұл талабына көнбеген көрінеді. Оқиға күні марқұмды далаға сол топ басшысының кіші ұлы шақырып шыққаны белгілі болды.
Қайғылы оқиға қарсаңында жігіт өзіне төніп тұрған қауіпті сезіп, отбасын барынша қорғауға тырысқан. Ол үнемі жарына балаларды көзден таса қылмауды және өте сақ болуды тапсырған.
«Солар ғой. Солармен конфликт болып жүр деп айтып жүрген болатын маған. Балаларды абайлашы. Балаларға еге болшы деп достары айтып жүрді. Алысқа жібермеші, қарап жүрші кесірі тимесін өзіңде абай жүрші деген әңгімелер болды», – деді марқұмның жұбайы Алтынай Боранбай.
Қазіргі таңда 70 жасқа таяған әке жалғыз ұлының қазасынан кейін қылмыскерлер бүкіл әулеттен кек ала ма деп қауіптеніп отыр. Ол мемлекеттен отбасына шұғыл түрде қарулы күзет қоюды талап етті.
«Мамыражай заманда қырғын сүргін адам өлтіру болып отыр. Бұларды тоқтатпасақ жеке-жеке емес семьяны қырып кетуі мүмкін. Бүкіл семьяны. Содан қорқып біз қарулы күзет қоюды талап етеміз», – деді марқұмның әкесі Серік Дүкенбайұлы.
Құқық қорғау органдары қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адамды жарты тәулік ішінде құрықтап үлгерді. Полиция өкілдері бұл іске ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар-жоғын анықтау үстінде.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Кісі өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Айта кетейік, алғашында 25 жастағы жігіттің туыстары Тоқаевқа үндеу жасаған еді.
Соңғы жаңалықтар