«Бірнеше рет қорқытқан»: Құланда оққа ұшқан 25 жастағы жігіттің туыстары Тоқаевқа үндеу жасады

03.08.2026 11:35 Әсел МҰРАТ
«Бірнеше рет қорқытқан»: Құланда оққа ұшқан 25 жастағы жігіттің туыстары Тоқаевқа үндеу жасады
683
Фото: threads/kaairatovnnna

Жамбыл облысы Құлан ауылында оққа ұшып, мерт болған 25 жастағы ер адамның өлімі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

25 жастағы ер адамның өлімінен кейін марқұмның туыстары үндеу жариялады. Олар қылмыстық істің жан-жақты әрі объективті тергелуін сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Ахмет Дүкенбай 2026 жылы 1 тамызға қараған түні сағат 03:00 шамасында Луговое ауылындағы Пушкин көшесінде оққа ұшқан.

Туыстарының жазбасында қайғылы оқиғаға қатысы бар деп күдік келтірілген адамдарға қатысты бірқатар мәлімет келтірілген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

«Бізге белгілі мәліметтер бойынша, ол осы аудан аумағында әрекет ететін қауіпті қылмыстық топтың мүшелері деп санайтын адамдардың қолынан қаза тапты», – делінген үндеуде.

Марқұмның жақындары құқық қорғау органдары осы уақытқа дейін болған оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі нақты түсіндірмегенін алға тартады. Олар кінәлілердің анықталып, заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылуын сұрайды.

Туыстарының сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін Ахметке бірнеше рет қоқан-лоқы жасалып, қорқыту әрекеттері болған. Олар бұл жайттардың барлығы қылмыстық істі тергеу барысында мұқият тексеріліп, оған құқықтық баға берілуі қажет деп есептейді.

«Осы қылмысқа қатысы бар адамдар қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет ағама қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып жүрген. Осы жайттардың барлығы тергеу барысында мұқият әрі объективті тексеріліп, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі деп сенеміз», – деп жазды марқұмның туысы.

Үндеуде Ахметтің артында жары, әкесінен айырылған ұлы мен қыздары қалғаны айтылған. Сонымен қатар ата-анасы жалғыз ұлынан айырылып, ауыр қайғыға душар болған.

Марқұмның туыстары президенттен істің объективті әрі жан-жақты тергелуіне ықпал етіп, қылмыстық істі жеке бақылауына алуды сұрады.

Осы оқиғаға қатысты Жамбыл облысының полициясы түсініктеме берді.

«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүдделеріне байланысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп хабарлады полиция өкілдері тілшімізге.

Войдите, чтобы оставить комментарий