"Құлақтан тебе салдым": Айгүл Иманбаева екінші некесі туралы сыр шертті

05.05.2026 12:33 Мөлдір Қайнар
3128
Фото: instagram.com.aigulimanbауeva

Қазақстандық танымал әнші Айгүл Иманбаева екінші күйеуімен қалай танысқанын айтып, жеке өміріндегі маңызды кезеңмен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz ozgeris.info сайтына сілтеп.

Өнер иесі Аман Тасығанқа берген сұхбатында қайтадан бір адамға сенім арту оңай болмағанын жасырмады.

Әншінің айтуынша, болашақ жары алғаш кездесуге шақырғанда ол ұлы мен келінін бірге ертіп барған. Осы сәтте оның ниетін жақындары да байқап, оң бағасын берген. Кейін екеуі жеке сөйлесіп, бір-бірін жақынырақ тани бастаған.

«Мені кездесуге шақырды. Ұлым мен келінім жанымда екенін айттым. “Үшеуің де келіңдер” деді. Сол кезде маған деген көңілін ұлым мен келінім байқаған. Кейін екеуміз бөлек шай ішуге кеттік. Сол жерде өзінің 6 жыл бұрын ажырасқанын, студент қызы барын айтты. Мен де өзімнің қола дәуірінде ажырасқанымды айттым. Кейіннен арақашықтықтағы махаббатқа қалай қарайтынымды сұрады. Дұрыс қараймын деп құлақтан тебе салдым», – деді Айгүл Иманбаева.

Сондай-ақ әнші бұл қарым-қатынастың басталуына рухани белгі әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, марқұм ақын Құрманай Бақтиярқызы түсіне кіріп, ерекше ишара жасаған.

«Кейін телефонмен сөйлесіп жүрдік. Маған сөз салды. Не деп жауап берерімді білмедім. Ұлыма айтып едім, “өресі биік адам екені көрініп тұр, одан басқа қандай еркекті іздеп жүрсің?” деді. Анама айтуға қорықтым. Бірден келісе алмадым. Таң намазында Алладан белгі сұрадым. Бір күні түс көрдім. Түсімде Құрманай саусағыма неке жүзігін тақты. Бұл – белгі, ол менің адамым дедім», – деп бөлісті әнші.

Войдите, чтобы оставить комментарий