Құр уәде мен жалаң ұранның заманы өтті: Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашты

28.08.2026 11:50 Қарақат АСЫЛОВА
Құр уәде мен жалаң ұранның заманы өтті: Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашты
55
Фото: тікелей эфирден кадр

2026 жылғы 28 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын ашты, деп хабарлайды Politico.kz.

Маңызды жиын басталар алдында Мемлекет басшысы Үкіметке қатысты арнайы жарлыққа қол қойған. Президент бұл күнді ұлт жылнамасының жаңа парағын ашқан тарихи сәт деп бағалады.

«Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын!
 
Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.
 
Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз.
 
Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық.
 
Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі.
 
Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас.
 
Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!», – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді азаматтар да жаппай қолдап отыр.

«Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты.
 
Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады.
 
Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.
 
Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
 
Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс.
 
Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн. Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады.
 
Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады.
 
Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий