Қырғыз соты Екатерина Биволды сырттай қамауға алды

Қырғыз соты Екатерина Биволды сырттай қамауға алды
25.10.2025 21:41
0
1555
фото: ашық дереккөз

Бішкектің Первомай аудандық соты танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволды сырттай қамауға алу туралы қаулы шығарды. Оған қырғыз халқының намысына тиетін сөздері үшін «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылып, іздеу жарияланды. Бұл туралы Қырғызстан астанасының ішкі істер басқармасы хабарлады, деп жазады POLITICO.KZ Vesti.kg-ға сілтеме жасап.

Басқарманың хабарлауынша, 21 қазанда әлеуметтік желілерде Екатерина Биволдың қырғыз халқына қатысты қорлайтын және дөрекі сөздер айтқан бейнежазбалары тараған. Тергеу қызметі бұл дерек бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы «Ұлтаралық, нәсілдік, діни немесе аймақаралық араздық қоздыру» бабы бойынша іс қозғаған. Бұл бап бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

25 қазанда оған сырттай айып тағылып, сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бекітілді. Сондай-ақ Екатерина Биволға іздеуге жарияланды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Екатерина Биволдың әлеуметтік желіде қазақтар мен қырғыздарға қатысты айтқан дөрекі және қорлайтын пікірлері жазылған бейне қоғамда наразылық тудырған еді. 22 қазанда Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі осы бейнежазба бойынша тексеру бастағанын хабарлаған болатын.

Ал оның Қазақстан аумағында осындай қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатқаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий