Қызылорда облысында 6,5 кг алып сәби дүниеге келді

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны Салтанат Ұзақбай шекесі торсықтай нағыз батырды дүниеге әкелді. Оның тұңғышының салмағы – 6,5 кг. Бұл өңірдегі орташа көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Бұл туралы POLITICO.KZ "24KZ" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлердің айтуынша, босану процесі күрделі өткен. Нәрестеге реанимациялық көмек пен қосымша ем қажет болды. Бала жағдайын облыстық көпсалалы аурухананың перинаталдық бөлімінің мамандары бақылауға алған. Қазір ана мен баланың өміріне еш қауіп жоқ. Сәбиге Қуанышбек деген есім берілді.
Қармақшы ауданының тұрғыны Салтанат Ұзақбайдың айтуынша, алдымен оны патология бөлімшесіне жатқызған.
"Ультрадыбыстық зерттеу кезінде баланың ірі екені анықталды. Дәрігерлер кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдады. Ота сәтті өтті. Қазір өзімді де, баламды да жақсы сезініп отырмыз", – деді босанған әйел.
Акушерия бөлімінің меңгерушісі Арман Еранова баланың әрі қарайғы емін қарқынды терапия бөлімінде жалғастыратынын мәлімдеді.
"Қазір ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық. Бізде бұған дейін де салмағы алты келіден асатын сәбилер дүниеге келген. Мұның бәрі ата-ананың гені мен физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты", – деді бөлім меңгерушісі.
Соңғы жаңалықтар





