Қызылордада колледж жатақханасында 16 жастағы студент көз жұмды

13.05.2026 10:58 Мөлдір Қайнар
Қызылордада колледж жатақханасында 16 жастағы студент көз жұмды
300
Фото: видеодан скриншот

Қызылордадағы Болашақ жоғары медициналық колледжінің жатақханасында 1-курс студенті Нұрдәулет Мырзалының қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Марқұмның ата-анасы 16 жастағы ұлдарының әлімжеттіктің құрбаны болғанын айтып отыр.

Нұрдәулет Мырзалы фельдшер мамандығында білім алған. Туыстарының айтуынша, оны түнгі уақытта жоғары курс студенттері жабылып соққыға жыққан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы колледж жатақханасындағы тәртіп пен бақылаудың әлсіз болғанына наразы.

Марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаевтың сөзінше, оқиға жатақхананың фитнес залында болған. Оның айтуынша, студентке дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген.

«Сол жерде, ұрған жерде кеткен ғой бала. Олар жедел жәрдемді уақытында шақырмаған. Мүмкін шақырғанда аман қалар ма еді. Кейін баланы бөлмесіне апарып тастаған», – дейді ол.

Туыстары студенттердің болған жайтты жасыруға тырысқанын алға тартады. Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізованың айтуынша, жатақханада мұндай жағдайлар бұрын да болған болуы мүмкін.

«Қан іздерімен сүйреп алып бара жатқанын көргендер болған. Кейін бөлмеге тығып қойған. Енді осындай жағдайлар бұрын да болғанын естіп жатырмыз», – деді ол.

Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бір студент қамауға алынған. Қызылорда облысының полиция департаменті істі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергеп жатыр.

Ал колледж әкімшілігі бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғанын және ішкі тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Колледж ішінде де, сыртқы органдар тарапынан да тексеру жүріп жатыр. Бірқатар адам жауапқа тартылуда. Әлімжеттік болмағанын айтты. “Жай ғана реніштен жұдырықпен ұрдық, мұндай жағдай болады деп ойламадық” деді», – деп мәлімдеді колледж директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиева.

Марқұмның жақындары оқиғаға қатысы бар барлық студент пен қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер заң алдында жауап беруі тиіс деп есептейді. Айта кетейік, Нұрдәулет Мырзалы болашақта ақ халатты маман атанып, ата-анасына қамқор болуды армандаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий