Роман Скляр мен Мәди Такиев ERG директорлар кеңесіне кірді
Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр мен қаржы министрі Мәди Такиев аталған ұйымның директорлар кеңесіне кірді, деп хабарлайды Politico.kz порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Компанияның 40% үлесіне ие Қазақстан Республикасы Үкіметінің Өкілдері, Директорлар кеңесінің мүшелері: Роман Васильевич Скляр, Мәди Төкешұлы Такиев», – делінген ERG команиясының сайтындағы Менеджмент бөлімінде.

Жалпы Eurasian Resources Group (ERG) ұйымы төрт құрлықта бизнес жүргізетін және әлемнің қырықтан астам еліне өнім тасымалдайтын ірі халықаралық компания болып саналады. Табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу, энергетика мен логистика салаларында көш бастап тұрған кәсіпорында бүгінде 67 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бас кеңсесі Люксембургте орналасқан корпорация феррохром, кобальт, мыс, темір кені мен алюминий өндіруден әлемдік нарықта алдыңғы қатарда тұр.
Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орындары саналатын «Қазхром», «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Шұбаркөл көмір», «ТрансКом» көлік тобы және тағы басқа қуатты кәсіпорындар осы топтың құрамына кіреді. Бұдан бөлек компания Африка құрлығында мыс пен кобальт өндірісін жолға қойса, Бразилияда темір кенін өндіріп, теңіз порты мен құрлықаралық теміржол желісін біріктіретін кешенді жобаны дамытып жатыр.
Последние новости