Салық реформасының жемісі. Қазақстан бюджетіне қосымша 1 трлн теңге түсті
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда салық түсімі 20 пайызға өсіп, бюджетке былтырғыдан 1 трлн теңгеге артық қаржы құйылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев шикізат пен валюта нарығындағы құбылмалылыққа қарамастан бюджеттің негізгі талаптары толық орындалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша мемлекеттік бюджеттің кірісі трансферттерді есепке алмағанда 6,4 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға көбейген.
«Салық түсімдерінің өсімі 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 20 пайызды құрады немесе 1 триллион теңгеге артты», – деді министр.
Импортталатын тауарларға салынған қосылған құн салығынан түсетін кіріс 165 миллиард теңгеге өскен. Мұның 80 миллиардқа жуығы тікелей салық мөлшерлемесін көтеру есебінен жиналды.
Бұл ретте республикалық бюджетке 4,2 триллион теңге кіріс кірсе, жергілікті бюджеттер жоспарды 193 миллиардқа асыра орындап 2,3 триллион теңге қаржы тапқан.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94,3 пайызға орындалды. Үкіметтің 1,8 триллион теңгелік әлеуметтік міндеттемелері мен өңірлерге бағытталған 1,3 триллион теңге қаражат толығымен қаржыландырылды.
Соңғы жаңалықтар