Сәрсемәлиев қайын жұртын өлтіргеннен кейін де олардың ақшасын иемденіп келген
Атырау облысында бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев қанды қылмыстан кейін марқұмдардың банк карталарын пайдаланып, олардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын заңсыз иемденіп келген, деп хабарлайды Ақ Жайық.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов сотталушының қылмыстық іс-әрекеттерінің жаңа деректерін жария етті.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ол Жангелдин ауылындағы оқиғадан соң марқұмдар Нәсіп Өтешқалиева, Мақсот Қарабалин және Мейрамгүл Қарабалинаның Қазпошта мен Халық банктегі есепшоттарынан ақша шешіп, мемлекетке айтарлықтай материалдық шығын келтірген.
«Осылайша Сұлтан Сәрсемалиев Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көрсетілген құқық бұзушылықты, яғни сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкіне бірнеше рет иелік ету алаяқтығын жасады», – деді прокурор Мирас Бауыржанов.
Сотта жәбірленуші тарап ретінде сөз сөйлеген Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Әйгерім Бекқалиева айыпталушыдан жалпы сомасы 766 мың теңгеден астам қаражат өндіруді талап етті. Оның сөзіне қарағанда, күдікті мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып келген Наурыз Мұқанғалиевтің өлімінен кейін жарты жыл ішінде 520 мың теңгеге жуық қаражатты шешіп алса, қалған туыстарының да желтоқсандағы зейнетақылары мен төлемдерін өз қажеттілігіне жұмсаған.
Соңғы жаңалықтар