Саяси белсенді Тимур Данебаев бостандыққа шықты

Саяси белсенді Тимур Данебаев бостандыққа шықты
02.09.2025 19:17
0
89
Фото: malim.kz

Саяси белсенді Тимур Данебаев колониядан босатылды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, ол жазасын толық өтеп шыққан, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Тимур Данебаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «20 мың террорист» туралы мәлімдемесі үшін оны жауапқа тартуды талап еткеннен кейін танылған болатын.

2023 жылдың маусымында Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Данебаевты «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен үш жылға соттаған. Бір жылдан кейін Жоғарғы сот үкімді қайта қараудан бас тартып, негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен Еуропарламент Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі қарарында Данебаевты саяси тұтқындардың қатарында атап, оны босатуды талап еткен.

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы колония қызметкерлерінің белсенді Тимур Данебаевты және басқа да сотталғандарды ұрып-соққаны түсірілген бейнежазба тарады. Осы оқиғадан кейін Атбасар колониясының бірқатар қызметкері жұмыстан босатылды, сондай-ақ колония бастығы мен оның орынбасары, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары қызметінен кетті. Атбасар колониясының тұтқындарға азаптау көрсеткен қызметкерлеріне қатысты сот 2024 жылғы 31 шілдеде басталды.

Биылғы ақпанда Атбасар колониясының 12 бұрынғы қызметкері, оның ішінде үшеуі тергеу кезінде қамауда болғандар, қазылар сотының шешімімен ақталды. Ақмола облысының прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, оған шағым түсірді. Тимур Данебаев аталған ақтау үкіміне наразылық ретінде аштық жариялаған.

11 сәуірде Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атбасар колониясының 12 қызметкеріне қатысты арнайы ауданаралық қылмыстық соттың ақтау үкімін жойды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий