Семейде бір ауданда бір күнде екі бала терезеден құлап кетті
Абай облысының орталығы Семей қаласында бір күн ішінде бір ауданның өзінде екі бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап, қайғылы жағдай тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғалардың екеуі де Қарағайлы шағынауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған екі жасар сәби оқиға орнында көз жұмды.
Сол күні дәл осы шағынауданда орналасқан басқа тұрғын үйдің екінші қабатынан үш жасар бала құлап кеткен. Ол дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Осы оқиғалардан кейін кешкі уақытта полиция қызметкерлері тұрғын аудандарды аралап, дауыс зорайтқыш арқылы ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін еске салды. Тәртіп сақшылары кішкентай балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмауға шақырды.
Сондай-ақ полиция мамандары масаға қарсы торлардың балаларды құлаудан қорғамайтынын ескертті. Олардың айтуынша, мұндай торлар бала салмағына төтеп бере алмайды және қауіпсіздік құралы болып саналмайды.
Соңғы жаңалықтар