Сенат кулуарындағы әңгіме: Әшімбаев Қазақстанда жаңа партиялардың пайда болуына не дейді?

16.04.2026 13:46 Арман Ермеков
Сенат кулуарындағы әңгіме: Әшімбаев Қазақстанда жаңа партиялардың пайда болуына не дейді?
438
Коллаж Politico.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жаңа саяси партиялардың құрылуына қатысты пікір білдіріп, бұл саяси бәсекелестік елдің дамуына оң әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген спикер азаматтардың саяси ұйымдар құруға толық құқығы бар екенін еске салды. Оның сөзінше жаңа ұйымдар ел заңнамасын қатаң сақтап, қажетті қолды жинауы керек.

«Азаматтарымыздың қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар құруға құқығы бар. Бастысы - ел заңнамасына сәйкес келу, қажетті әрекеттерді орындау, қол жинау және тағы басқалар. Осы орайда біздің парламентті сайлаудың пропорционалды жүйесіне, толығымен партиялық тізімдерге көшкенімізді ескерсек, бұл шешімдер Қазақстандағы партиялық жүйенің дамуына және қазір де, болашақта да жаңа саяси партиялардың пайда болуына күшті серпін береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол елдің дамуы үшін мықты әрі бәсекеге қабілетті саяси партиялардың болғаны өте маңызды екенін жеткізді.

«Жаңа партиялардың пайда болуы, жұмыс істеп тұрған партиялардың тек сайлау алдында ғана емес, үнемі белсенді болуы - Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін және қоғамның, түрлі әлеуметтік топтардың пікірлері заң шығарушы органда нақты айтылып, одан әрі түрлі мәселелер өз шешімін табуы үшін басты шарт. Біз алдағы уақытта жаңа партиялардың пайда болғанын көретін шығармыз. Жаңа партиялар құрыла берсін, олар бәсекелесіп, өз бағдарламасының қажеттілігін дәлелдесін. Партиялық бәсекелестік - одан әрі даму үшін тек игілік», – деді сенат төрағасы.

Айта кетейік, жақында Қазақстанда бастамашыл топ «Әділет» атты жаңа саяси партия құрылатынын мәлімдеген болатын. Бұл ұсынысқа 16 адам қол қойған. Жаңа ұйым жаңарған Конституция талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий