"Сенің кесірінен көшеде тұрмын": АҚШ полициясы Трамп үшін Макронның кортежін өткізбей қойды

Нью-Йорк полициясы Трамп үшін Макронның көлігін тоқтатты, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Нью-Йорк қаласында әлем басшыларының қатысуымен өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы кезінде қызық оқиға болды. Жергілікті полиция АҚШ президенті Дональд Трамптың кортежіне жол ашу үшін Франция президенті Эммануэль Макронның көлігін тоқтатқан.
Эммануэль Макрон БҰҰ-ның штаб-пәтерінде сөз сөйлеп болған соң, өз көлігімен Франция елшілігіне бет алған. Дәл осы уақытта полиция қызметкерлері Дональд Трамптың көліктер тізбегі, яғни кортежі өтуі үшін барлық көшелерді жапқан. Нәтижесінде Франция президентінің көлігі де басқа көліктермен бірге жолда тұрып қалуға мәжбүр болды.
Бірнеше минут күткеннен кейін полиция көшені ашқан, бірақ тек жаяу жүргіншілер үшін ғана. Осыдан соң көлігінен түскен Эммануэль Макрон Франция елшілігіне дейін жаяу баруға шешім қабылдады. Бұл оқиғаның видеосы интернетте де тарады.
Француз бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Эммануэль Макрон сол жерде тұрып, жағдайды шешу үшін Трампқа телефон соққан.
Ол Трампқа: «Елестетші, мен дәл қазір көшеде тұрмын, себебі сенің өтуің үшін барлық жол жабық», – деп айтқан.
Осылайша, Франция президенті өз елшілігіне жаяу жетуге мәжбүр болды.
Соңғы жаңалықтар





