«Сенсіз өткен 222 күн»: Келеске түсіп жоғалған баланың анасы жазба жариялады
Түркістан облысы Келес ауданында биыл көктемде суға ағып кеткен 8 жасар Жаннұрдың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, баласының жоғалғанына 7 айдан асқанын (222 күн) айтты. Жүрегі қарс айрылған ана перзентін әлі де үмітпен күтіп жүргенін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Жанымның нұры Жаннұрым, сен кеткелі көктем, жаз, күз өтіп жатыр. Балаларымсыз бір күн өмір сүре алмайтын сияқты көрінуші еді, басқа салса бәріне шыдатады екен мына өмір. Балаңды не өлі, не тірі екенін білмей өмір сүру қандай қиын! Не күтеріңді, не үміт үзеріңді білмейсің. Санамда сан түрлі қиялмен сағат, минут, секунд сайын арпалысам. Санамда сені біреу тауып алды, сені біреу ұстап, біреу әкеледі, бір жерде жүрсің, мүмкін есіңді жоғалтып алдың, біреу қинап ұстап отыр деген сан түрлі қиялмен өмір сүрем», — деп жазды анасы.
Оқыс оқиға биыл 23 наурыз күні Келес ауданының Абай ауылында болған. 2-сынып оқушысы аяқ киімін арыққа түсіріп алып, соңынан түскен кезінде тайып құлап кеткен. Қатты ағын баланы Келес өзеніне қарай ағызып әкеткен болатын. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, сүңгуірлер, еріктілер мен дрон құрылғылары жұмылдырылып, өзен бойы мен маңайы ұзақ уақыт бойы мұқият тексерілді. Алайда ауқымды іздестіру жұмыстары нәтиже бермегендіктен, кейіннен ресми түрде тоқтатылған еді.
Десе де, ана жүрегі жамандыққа қимай, баласының тірі ораларына сенетінін айтады:
«Бірақ ең ауыры, ең қиыны — өлді дегенді санама ұғындыра алмаймын. „Келеске ағып, су жұтып кетті“ дейді адамдар. МҮМКІН деймін, МҮМКІН менің балам аман-есен, тірі келеді деп айқайлағым келеді. Алланың құдіретінде шек жоқ, солай болады, мен сенем. Әлі мен осы Келесті жақсы көрем, баламды алмады, қайтарып берді деп. Түсім өңіме, шындыққа айналса екен, сен түсімде аман-есен келесің, біреу тауып алып келеді. Сыртым бүтін, ішім түтін өмірім жатыр. Күтумен, сағынумен, үзілмес үмітпен... Сенсіз өткен 222 күн. Сенсіз 7 ай 8 күн. Сенсіз өтіп жатқан менің өмірім».
Желі қолданушылары ананың қайғысына ортақтасып, оған сабыр мен төзім тілеуде.
Соңғы жаңалықтар